Ақмола облысында бір тәулікте үш бірдей жол апаты болып, алты адам қаза тапты
АСТАНА.KAZINFORM – 18 қарашада Ақмола облысының тасжолдарында үш бірдей жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан алты адам көз жұмды. Бұл туралы Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомство мәліметінше, алғашқы жол апаты «Жезқазған – Арқалық – Петропавл» автожолының 412-шақырымында Renault Sandero және ВАЗ-2106 көліктерінің қатысуымен болған.
– Жол-көлік оқиғасы салдарынан ВАЗ -2106 автокөлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Renault Sandero көлігінің жүргізушісі түрлі дене жарақаттарымен медициналық мекемеге жеткізілді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады, – деп хабарлады ведомство өкілдері.
Екінші жол апаты «Астана – Атбасар – Жақсы» автожолының 252-шақырымында тіркелген. Hyundai Accent көлігінің жүргізушісі жолды белгіленбеген жерден кесіп өтпек болған жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Салдарынан жаяу жүргінші алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Аталған дерек бойынша да полицейлер тергеу жұмыстарын бастады.
Ал үшінші жол апаты «Аршалы – Ерейментау – Павловка» автожолының 19-шақырымында, Тайбай ауылының маңында болған. Honda Odyssey көлігінің жүргізушісі рульге ие бола алмай, көлікті аударып алған.
– Жол-көлік оқиғасы салдарынан автокөліктің екі әйел жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Жүргізуші мен екі жолаушы түрлі дене жарақаттарымен медициналық мекемеге жеткізілді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады, – деп толықтырды полиция өкілдері.
Өңір полицейлері жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жылдамдық режимінен асырмауға және жолда барынша мұқият болуға шақырды.
Айта кетейік, Алматыда өрт сөндіру көлігі жол апатына ұшырап, бір адам қайтыс болды.