Алматыда өрт сөндіру көлігі жол апатына ұшырап, бір адам қайтыс болды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда адам өліміне әкелген жол апаты болды.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, 17 қарашада сағат 00:40 шамасында Тимирязев және Әуезов көшелерінің қиылысында өрт сөндіру қызметінің арнайы көлігі мен Toyota Camry маркалы жеңіл автокөлік соқтығысқан.
- Алдын ала мәліметтерге сәйкес, өрт сөндіру көлігі шақырту бойынша арнайы жарық және дыбыс сигналдарын қосып, оқиға орнына бара жатқан. Қиылыстан өту кезінде жеңіл автокөлікпен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жеңіл автокөліктің жүргізушісі алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Ал арнайы көліктің жүргізушісі медициналық мекемеге жеткізілді, - деп хабарлады департаменттен.
Қазір адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша полиция департаментінің Анықтау басқармасы қылмыстық іс қозғаған. Оқиғаның барлық мән-жайы мен себебін жан-жақты анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Еске салайық, Атырауда жол апаты салдарынан екі адам көз жұмды.