Қарағандыда жеңіл көлік қағып кеткен бойжеткен көз жұмды

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағандыда 23 мамыр күні Университет көшесінде адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы болды. Көлік қағып кеткен 20 жастағы бойжеткен оқиға орнында қаза тапты. Аталған факті бойынша тергеу басталды.

Фото: Алексей Поляков / Kazinform

23 мамыр күні Қарағандыда жаяу жүргіншінің қатысуымен адам өліміне әкелген жол апаты тіркелді. Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы Университет көшесінде болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, Университет көшесімен келе жатқан Lada автокөлігінің 33 жастағы жүргізушісі жолдың белгіленбеген жерінен өтіп бара жатқан 20 жастағы қызды қағып кеткен.

Алған ауыр жарақаттарының салдарынан бойжеткен жедел жәрдем қызметі келгенге дейін оқиға орнында көз жұмған.

Жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта полицейлер болған жағдайдың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр.

— Қарағанды облысының Полиция департаменті жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жолда барынша мұқият әрі жауапты болуға шақырады, — деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.

Еске салайық, бұған дейін Әл-Фараби көшесіндегі жол апатына қатысты іс бойынша алғашқы сот отырысының күні белгілі болған еді.