Қарағандыдағы ауруханада шыққан өрт кезінде 20 науқас эвакуацияланды

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағандыда 1 қыркүйек күні кешке көпбейінді аурухана аумағында өрт шықты. Өрт сағат 21:29–да басталып, бір сағаттан кейін толық сөндірілді.

Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform

Қарағандының Қазыбек би атындағы ауданындағы Мұқанов көшесінде орналасқан көпбейінді аурухана аумағында жиналған макулатура өртенген. Жалын негізгі бес қабатты ғимаратқа жапсарлас салынған бір қабатты кіреберіс бөліктің ағаш шатыр конструкциясына тараған.

Қауіпсіздік мақсатында ТЖМ құтқарушылары аурухана әкімшілігімен бірлесіп, 20 науқасты көршілес блокқа эвакуациялады.

— Хабарлама түскеннен кейін оқиға орнына ТЖМ бөлімшелерінің күштері мен құралдары жедел түрде жіберілді. Медициналық мекеме әкімшілігімен бірлесіп, науқастарды эвакуациялау жүргізілді. Өрт жедел оқшауланып, толық сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ, — деп хабарлады Қарағанды облысының төтенше жағдайлар департаменті.

Өрт 25 шаршы метр аумақты шарпыды. Өрт сөндірушілердің жедел әрекет етуінің арқасында жалынның аурухананың негізгі және жапсарлас ғимараттарына таралуына жол берілмеді.

Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.

Бұған дейін Алматыда 16 қабатты тұрғын үйден өрт шығып, 127 адам құтқарылғанын хабарланғанбыз.