Қарағандыдағы №149 сайлау учаскесінде оқырмандар арасында кітап алмасуға арналған буккроссинг ұйымдастырылды. Бастаманың мақсаты – кітап оқуды насихаттау, оқу мәдениетін қалыптастыру және рухани құндылықтарды дәріптеу.
Акцияның шарты қарапайым: кез келген адам оқып болған кітабын әкеліп, орнына басқа басылымды таңдай алады. Осылайша, кітаптар қолдан-қолға өтіп, жаңа оқырманын табады. Ал қатысушылар бұрын таныс болмаған авторлар мен шығармаларды оқуға мүмкіндік алады.
Аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, сағат 10:00-дегі жағдай бойынша өңірде 106 142 адам дауыс берген. Бұл сайлаушылар тізіміне енгізілген азаматтардың 14,01 пайызы. Облыс бойынша дауыс беру құқығына ие тұрғындардың жалпы саны – 757 629 адам.
Дауыс беруге алғашқылардың бірі болып әскери қызметшілер қатысты. Әскери бөлімдер аумағында орналасқан жеті учаскеде дауыс беру таңғы сағат 06:00-де басталды. Жалпы, белгіленген уақыттан ерте ашылған он учаскенің қатарында Қарағанды, Теміртау, Шахтинск қалалары мен Абай ауданының елді мекендеріндегі учаскелер де бар.
Бұл сайлауда 214 депутаттық мандат сарапқа салынып жатыр. Бірмандатты аумақтық сайлау округтеріндегі 196 орынға 587 кандидат үміткер. Облыстық мәслихаттағы тағы 18 мандат партиялық тізімдер бойынша бөлінеді. Сайлауға алты саяси партия қатысып, жалпы саны 81 кандидат ұсынған.
Сайлау барысын қоғамдық ұйымдардың, саяси партиялар мен кандидаттардың өкілдері бақылап отыр. Учаскелерде 822 байқаушы, 69 сенім білдірілген адам және бұқаралық ақпарат құралдарының тоғыз өкілі тіркелген.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандықтар мәслихат депутаттарын сайлауға белсенді қатысып жатқанын хабарлаған едік.