Қарағандылық зейнеткерден 20 келі марихуана мен гашиш тәркіленді

Фото: polisia.kz

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағанды облысында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ірі есірткі тасымалдау арнасын әшкерелеп, 75 жастағы қала тұрғынын ұстады. 

 Жедел іс-шаралар кең ауқымды «Қарасора» іс-шарасы аясында жүргізілді.

Алдын ала алынған мәлімет бойынша күдіктінің тыйым салынған заттарды алып өтуі мүмкін екені анықталған. Теміржол вокзалында жүргізілген тінту кезінде оның қол жүгінен өсімдік тектес есірткі заттары — шамамен 20 келі марихуана мен гашиш тәркіленді. Одан бөлек, вокзал маңында тұрған күдіктінің автокөлігін тексеру барысында багаждан орауыш таспамен қапталған екі ірі брикет табылды. Сараптама қорытындысына сәйкес, олардың ішінде де марихуана болған. Жалпы тәркіленген есірткі заттарының салмағы шамамен 20 келі.

Аталған дерек бойынша аса ірі көлемдегі есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысты Қылмыстық кодекстің тиісті бабы бойынша іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Сондай-ақ полиция өзге тұлғалардың қылмыстық әрекетке қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр. Құқық қорғау органдары есірткі заттарының Қарағанды аумағында таратылуы немесе басқа өңірлерге жеткізілуін анықтап жатыр.

Айта кетелік ШҚО-да есірткі граффитилері бойынша 8 қылмыстық іс қозғалған еді