Қарағандының саябақтарынан 5 мыңнан аса кене табылды

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағанды облысында саябақтар мен скверлерде кенелер мен жәндіктерден залалсыздандыру жұмыстары басталды. Демалыс аймақтарынан мыңдаған кене табылды, сондай-ақ өңірде ондаған тұрғын жәндіктердің шағуына байланысты шағымданған.

Фото: Жетісу облысы әкімдігі

16–19 мамыр аралығында Қарағандыда саябақтар, скверлер және демалыс аймақтары кенелерден, жәндіктерден және басқа да зиянкестерден түнгі уақытта залалсыздандырылды. Жұмыстар тұрғындардың демалыс уақытына кедергі кетірмес үшін түнгі 02:00–ден 06:00–ге дейінгі аралықта жүргізіледі.

Қарағанды әкімдігі дезинсекциялық шаралардың кестесін нақтылады:

  • 16 мамыр — қаланың оңтүстік-шығысы, Федоров су қоймасы және қалалық жағажай;
  • 17–18 мамыр — қала орталығы мен Пришахтинск;
  • 19 мамыр — Майқұдық пен Сортировка.

Әкімдік тұрғындардан көрсетілген уақытта уақытша өңделген аймақтарға бармауды сұрады.

Сонымен қатар өңірде кенелердің өршуіне байланысты эпидемиологиялық мониторинг жүргізіліп жатыр. 2026 жылдың алғашқы төрт айында табиғи ортадан 5645 кене жиналды, тағы 302 кене адамдардан алынған: оның 180 жағдайы Қарағандыда, 48-і Теміртауда, 20-сы Саранда, 20-сы Шахтинскіде және 34-і облыс аудандарында тіркелген. Мамандардың мәліметінше, зерттелген материалдардан инфекциялар анықталмаған.

Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Юрий Залыгин профилактикалық жұмыстар жыл сайын жүргізілетінін және кешенді шараларды қамтитынын атап өтті.

— Жылы күндердің басталуымен Ұлттық сараптама орталығы мамандары кіретін зоологиялық-паразитологиялық топтардың мониторингтік сапарлары өткізіледі. Олар кенелер мен олардың қорек көздерін жинап, санының өзгеру динамикасын бақылайды, ал жиналған материал аса қауіпті инфекциялар зертханаларына жіберіледі. Бұл — мемлекеттік тапсырыс аясындағы жоспарлы жұмыс. Биылғы жылдың алғашқы төрт айында табиғи ортадан 5600-ден астам кене жиналып, жәндіктердің адамдарды шағу жағдайлары да тіркелді. Сонымен қатар өңір аумағында зерттелген үлгілерден қауіпті инфекциялар анықталған жоқ, — деді Юрий Залыгин.

Профилактика халықты қорғаудың негізгі құралы болып қала береді. Ерекше назар аумақтарды өңдеуге, мониторинг жүргізуге және азаматтарды сақтық шаралары туралы ақпараттандыруға аударылды.

Департаментте вакцинация мәселесі де түсіндірілді: Қарағанды облысы кене энцефалиті бойынша эндемиялық аймаққа жатпайды, сондықтан жоспарлы вакцинация жүргізілмейді. Алайда эндемиялық өңірлерге баратын тұрғындар медициналық ұйымдарда ақылы негізде вакцина ала алады.

Мамандар кене анықталған жағдайда травмпунктке жүгінуге немесе оны пинцет не жіп көмегімен өздігінен абайлап алып тастауға, шаққан жерді антисептикпен өңдеуге және кенені зертханалық тексеру үшін сақтап қоюға кеңес береді. Сондай-ақ 14 күн бойы денсаулық жағдайын бақылау маңызды.

Дәрігерлер кенені маймен немесе вазелинмен майлауға болмайтынын ескертеді, себебі бұл инфекция жұқтыру қаупін арттырады. Алдын алу үшін жабық, ашық түсті киім кию, репелленттер қолдану және серуен кезінде денені жиі тексеріп тұру ұсынылады. Эндемиялық аймақтарға сапар шеккенде мамандар алдын ала эпидемиологиялық жағдайды нақтылап, қажет болса вакцинациядан ертерек өтуді ұсынады.

Айта кетейік, биыл елімізде кене белсенділігі әдеттегіден ерте басталды. Қазір Алматы өңірінде кене шағу өршіп тұр.