Тыйым салынған өсімдікті анықтау және жою бойынша операция «Карасора-2022» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында жүргізілді. Өңірдің полиция қызметкерлері республика аумағындағы есірткінің өсімдік-шикізат базасын жою, шетелден есірткі жеткізу арналарын жабу, сондай-ақ құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіру және дайындау фактілерінің жолын кесу жөніндегі жұмысты күшейтті.
Тәртіп сақшылары 5 қыркүйекте Қарағандыдан 10 шақырым жерде далада жабайы өсетін сора алқабын тапты. Ол шамамен 5 гектар жерде өсіп жатқан. Жергілікті полиция қызметінің, кинология қызметінің мамандары әкімдік өкілдерімен бірлесіп 2 мыңнан астам сора бұтасын жойды.
«Полиция қызметкерлері үнемі үкіметтік емес ұйымдар, әкімдік және еріктілермен бірлесіп жабайы қарасора өсімдіктерін жойу жұмыстарын жүргізіп тұрады. Сондықтан да біз қала тұрғындарынан өздеріне тиесілі аумақта осындай қарасора өсімдіктерін анықтау және дер кезінде жою шараларын өткізуді сұраймыз. Аталған өсімдік өсетін жер учаскесінің иелері мен пайдаланушылары оны жоюға міндетті. Органның ресми нұсқамасын алғаннан кейін жабайы қарасораны жою жөнінде шаралар қолданбау жеке тұлғаларға – 10 АЕК (1 АЕК – 3180 теңге), шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 40 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 70 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салуға әкеп соғады», - деді облыстық ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Нұрым Сәдуақасов.
Фото: polisia.kz