Интернет арқылы жасалатын қылмысты тергеу қиын. Дегенмен, 26 шілдеде Балқаш қалалық полиция бөлімінің «Киберпол» қызметкерлері жүргізген кешенді жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 25 жастағы Алматы қаласының тұрғыны ұсталды.
Ол өзін онлайн және офлайн түрде газон сататын дүкеннің менеджерімін деп таныстырған. Осылайша, WhatsApp желісі арқылы Балқаш қаласының тұрғынын «газон әкеліп беремін» деп алдап, бір млн теңгеден астам ақшасын иеленген. Содан байланысын үзіп, хабарсыз кеткен. Күдікті жәбірленушіден алған ақшаны қайтарды.
Осыған ұқсас тағы бір жайт Қарағанды тұрғынының да басынан өтті. «Киберпол» қызметкерлеріне 28 жастағы азамат шағымданды. Жас отбасы көлік сатып алу үшін әлеуметтік желіден хабарламаларды қараған.
«Қазақстандық мемлекеттік тіркеу нөмірі бар көлік көршілес елде тұр деді. Сондықтан да оның бағасы арзандау болды. Түн болса да хабарластық. Күдікті біздің қоңырауымызға жауап берді. Осыдан кейін біз алдын ала 300 мың теңге ақша жіберуге келістік. Сол кезде «көлік сатушы» бізден сол уақытта 60 мың теңге ақша салуды өтініп, қалған ақшаны таңертең салуға болатынын айтты. Сонымен, таңертең қалған ақшаны салатын кезде банк біздің есеп-шотымызды бұғаттап тастады. Оның алдында маған банк менеджері хабарласып, біздің күдікті есеп-шотқа ақша салып жатқанымызды ескертті. Менеджердің хабарламасынан кейін менде күдік пайда болды. «Сатушымен» сөйлесіп, банк менің есеп-шотымды бұғаттап тастағанын айтқанымда, ол өзін дөрекі ұстап, маған қалған ақшаны Qiwi кошелекке салуымды талап етті. Мен оған қаншалықты жағдайымды түсіндіргеніме қарамастан, ол мені тыңдамады. Кейін полицияға хабарластым. Полиция қызметкерлеріне ризашылығымды білдіремін. Олар маған алаяқтардың әрекеттері туралы мағлұмат берді. Алаяққа салып жіберген ақшам қайтарылды. Барлық тұрғындарды алаяқтардың арбауынан сақ болуға шақырамын», - дейді Ксеня Тесля.