АСТАНА. 8 мамыр. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының криминалдық полиция қызметкерлері сәуір айының аяғында 3 топтағы мүгедек болып табылатын 56 жастағы ер адамды және оның 6 сыныпта оқитын 13 жасар ұлын өлтіріп, өртеп жіберген Шет ауданының екі тұрғынын қолға түсірді. Бұл туралы бүгін ҚР ІІМ баспасөз қызметінің мәліметтерінде хабарланды.
«Соққы іздері түскен жәбірленушілердің жанып кеткен мәйіттері өз үйінен өртті сөндіргеннен кейін барып табылды. Полицейлер құрықтаған 17 мен 18 жастағы Шет ауданы Ақадыр кентінің тұрғындары 30 сәуір күні 56 жастағы ер адаммен қосылып спирттік ішімдік ішкен. Отырыс барысында ойламаған жерден жанжал шығып, әлгі екеу жәбірленушіні ұрып-соғып, содан соң оның ұлын өлтіріп, қылмыстың ізін жасыру үшін үйге өрт қойған»,-делінген таратылған мәліметте.
Ұсталғандардың екеуі де еш жерде оқымайды және жұмыс істемейді. Қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер қамауға алынды.
Руслан Ғаббасов
Ақмола облысының Біржан сал ауданында дүниеге келген. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. 2005 жылдан бері «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінде жұмыс істеп келеді.