Қарағанды облысында жеңіл көлік пен автобустың соқтығысуынан екі адам ажал құшты

ҚАРАҒАНДЫ. 17 шілде. ҚазАқпарат - Жезқазған қаласында «Мерседес-Бенц» көлігі «ПАЗ-32051» жолаушылар автобусымен соқтығысты.

Салдарынан 2 адам жан тапсырды, біреуі жапа шеккен. Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.

«16 шілде күні Жезқазған қаласында Байқоңыров көшесінен Абай арқылы Мәметов көшесіне бет алған «Мерседес-Бенц» көлігінің 24 жастағы жүргізушісі басқару тетігіне ие бола алмай, ЖШС-лардың бірінің 48 жастағы жүргізушісі тізгіндеген «ПАЗ-32051» автобусымен бетпе-бет соқтығысты», - делінген таратылған хабарламада.

Тәртіп сақшыларынынң ақпарына қарағанда, жол апатынан «Мерседес-Бенц» көлігінде отырған 19 жастағы бойжеткен алған жарақаттардан оқиға орнында қаза тапты. Шетелдік темір тұлпардың жүргізушісі ауруханада жансақтау бөлімінде көз жұмды.

«ПАЗ-32051» автобусының 28 жастағы әйел жолаушысы түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.

«Бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүргізілуде», - деп атап өтілген хабарламада.