«5 қыркүйекте ҚР ІІМ есірткі бизнесімен күрес комитетінің қызметкерлері Қарағанды облысының «Теміртау-Осакаровка» автожолындағы әріптестерімен бірлесіп Теміртаудан 3 шақырым жерден 45 жастағы ер адам басқарып келе жатқан «Nexia Ns 150» көлігін ұстады. Машина салонында екі жолаушы болған. Тексеру барысында жүксалғыштан екі полиэтилен пакетке оралған ақ түсті зат салынған жол сөмкесі табылды», - делінген хабарламада.
Жүргізілген сараптамаға сәйкес пакетте жалпы салмағы 20 келіден асатын героин табылды.
«34 жасар такси жолаушысы ұсталып, тергеу оқшаулағышына қамалды. Оған қатысты ҚР ҚК 259-бабы («Есiрткi заттарды немесе психотроптық заттарды заңсыз дайындау, өңдеу, иемденiп алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе сату») бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу жүргізілуде», - делінген хабарламада.
Ведомствоның баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, осы күні «Рубеж-Сокур» стационарлық күзетінен облыстық ІІД ЕКБ қызметкерлері Жамбыл облысы Шу ауданының 30 жастағы тұрғынының чемоданынан ораулы жасыл түсті зат тапты. Сараптама оның 14 келі гашиш екенін анықтады.
«Жолаушы уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Ер адам гашишті Астанаға апарып сатпақшы болғанын мойындады», - деп қосты облыстың ІІД баспасөз қызметінен.