Қарағандыда ауыр қылмыстар саны азайған

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында ауыр және ерекше ауыр қылмыстар саны азайған, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қарағанды облысы ішкі істер департаментінде ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғынбаевтың қатысуымен өткен отырыста өңірдегі қылмыстық жағдай жақсарғаны айтылды.

Полиция өткен жылды қорытындылап, алдағы басты міндеттерді анықтады.

Облыста ауыр емес және орташа ауыр қылмыстық құқықбұзушылықтар, атап айтқанда қарақшылық 14%-ға, тонау 18%-ға, бұзақылық 29,8%-ға, алаяқтық 3,4%-ға қысқарған.

Министр орынбасары Тұрғынбаев бірнеше ескертулер берді, дегенмен Қарағанды полициясының жұмысына көңілі толды. Вице-министр Президенттің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында көрсетілген мақсаттар мен міндеттерді орындаудың маңыздылығын қадап айтты.

«Полиция жұмысының негізгі бағыты - азаматтар құқығын қылмыстардан сенімді қорғау және құқықтық тәртіптің жоғары деңгейін қамтамасыз ету», - деді Ерлан Тұрғынбаев.