Қарағандыда із-түзсіз жоғалған Беларусь азаматының денесі табылды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды қаласында іздеуде болған Беларусь азаматының мүрдесі табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Беларусь азаматына іздеу жарияланғанын бұған дейін жазған болатынбыз.

39 жастағы Игорь Кожуров 28 наурызда Олимпийская көшесіндегі үйден шығып кетіп, сол күйі оралмаған. Оның таныстары полицияға өтініш беріп, сол арқылы іздеу жүргізген.

12 сәуір күні таңертең Қарағандының шетіндегі үй құрылысы комбинатының аумағынан жергілікті тұрғындардың бірі Беларусь азаматының өлі денесін тауып алған.

«Жоғалып кеткен Беларусь азаматының мәйіті даладан табылды. Шетел азаматында дене жарақаттары болмаған. Жүргізілген сот-медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша Игорь Кожуров үсіп көз жұмған», - деп мәлімдеді облыстық ІІД баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров.

 

Арайлым САТЫБАЛДЫҚЫЗЫ