Бүгін Теміртауға ІІМ басшысы Марат Ахметжанов келді. Халықпен кездесу барысында ол тәртіп сақшыларының жұмысы, аймақтағы қылмыстық жағдай және Қарағанды облысында құқық қорғау саласы бойынша енгізілетін жаңалықтар туралы баяндады.
Министрдің сөзінше, полицияның жедел басқару орталығы, бақылау камералары мен жол патрульдік полициясы планшеттерін біріктіретін, интеграцияланған «Қорғау» жүйесі «қауіпті жүргізушілерді» анықтауға көмектеседі.
«Жол қозғалысы ережелерін қасақана бұзатын жүргізушілер бар. Олар жылдамдықты арттырып, бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кетеді және жолдың екі бетіне арнайы белгілерді берместен өтіп, жүре береді. Олар жазадан құтылу үшін жалған нөмірлерді пайдаланады немесе оларды алып тастайды, автокөлікті тіркемейді. Олар жол қозғалысының басқа қатысушыларына қауіп төндіреді. Осындай жүргізушілермен күресу үшін «Қорғау» бағдарламасы әзірленді. Ол полицейге тек «қауіпті жүргізушілермен» жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Қазір «Қорғау» 10 қалада (Астана, Алматы, Шымкент, Өскемен, Атырау, Петропавл, Түркістан, Семей, Тараз, Көкшетау) қолданылады. Жүйе жалған нөмірлері бар, сақтандырусыз, іздеуде жүрген автомобильдерді анықтайды», - деп түсіндірді Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов.
Бұрын мұндай жүргізушілерді анықтау үшін барлық көлік иелерін тоқтатып, барлық автомобильдер мен құжаттарды тексеру қажет болатын. Ал «Қорғауды» енгізен соң жүйе көше камераларының деректерін талдай отырып, жақын маңдағы полицейдің планшетіне «қауіпті» жүргізуші туралы хабарлама жібереді. Осылайша, полиция жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу фактісін бірден тіркей алады.
Бағдарламаның көмегімен жалған нөмірлерді пайдаланудың 777 фактісі, куәлігінен айырылған 2 700 жүргізуші және 5 мыңға жуық мемлекеттік нөмір тәркіленді, айыппұл тұрағына 13,5 мыңға жуық автокөлік қойылды.
Келесі жылдың қаңтар айынан бастап жүйе Қарағандыда да жұмыс істейтін болады. Қазір кеншілер астанасында тестілеу өтуде. Алайда, қазірдің өзінде 8 млн теңгеге 500 жол қозғалысы ережесін бұзуға жол берген 104 жүргізуші анықталды.
Инновациялардан басқа, ІІМ басшысы ішкі істер органдары жұмысының барлық бағыттары бойынша есеп берді. Сондай-ақ, ол азаматтардың сұрақтарына «еркін микрофон» форматында жауап берді.