Қарағандыда жарық бағанасына байланған қыз қайыр сұраған

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда электр жарығының бағанасына байланған төрт жасар қыз қайыр сұраған, деп жазды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Әлеуметтік желіден оның фотосуретін көрген полицейлер жедел тапты.

«Қарағанды ІІБ ювеналды полиция қызметкерлері «Шығыс», «Алтын Арба», «Самал» және екі сауда үйіне рейд жүргізді. Рейдтік шара кезінде кәмелеттік жасқа толмаған, жол бойында қайыр сұрап жүрген төрт бала табылды. Балалар орталық полиция бөліміне жеткізілді. Олардың ең үлкені 11 жаста болса, өзгелері 6 және 4 жасар қыздар мен 5 жасар ұл», - деді Қарағанды облысы ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Бақытжан Құдияров.

"Мән-жайды анықтағанда, қыздардың үлкені 4 сәуір күні базар маңында қайыр сұрағандарын, аналары супермаркетке кіргенде, өздерінің қашып кеткендерін түсіндірді. Кіші қыз арқан тауып алып, өзін бағанаға байлап қоюды сұраған. Сол уақытта түрі еуропалыққа ұқсайтын ер адам оларды фотоға түсіруге рұқсат сұраған. Қыздар рұқсат етпеген. Бірақ, ер адам 50 теңге берген соң, келісім берген».

Қазіргі уақытта балалар Теміртаудағы кәмелет жасқа толмағандардың бейімделу орталығында.