Қарағандыдағы ең ауқымды ауданындағы учаскелік полицей өз міндетін атқарудың қыр-сырымен бөлісті

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды қаласының Оңтүстік-Шығыс полиция бөліміның қызметкерлері күн сайын жүздеген шақыртуға шығып, ондаған қылмыстың алдын алады. Кеншілер шаһарындағы ең ауқымды аудандардың бірінде учаскелік полицей міндетін атқарудың қыр-сырымен Арман Қанапин бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды қаласының Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімі кеншілер қаласында шақырту саны және орын алатын қылмыс саны бойынша екінші орында. Бұл бөлімшедегі тәртіп сақшылары қаланың ең үлкен аумақтарының бірінде қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалап, күнделікті жасалатын қылмысты ашумен айналысады. Сол полиция қызметкерлерінің арасында Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімінің жергілікті полиция қызмет бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы Арман Қанапин де бар.

Ол ішкі істер органдарында 2013 жылдың мамыр айынан бері жұмыс істеп келеді. Еңбек жолын кәмелетке толмағандар істері бойынша учаскелік инспектор ретінде бастаған. Екі жыл істеп, 2015-ші жылы учаскелік полиция лауазымына ауыстқан. Аталған учаскеде 5 жылдан бері қызмет етіп келеді.

-Неліктен дәл осы саланы таңдадыңыз? Қанша дегенмен учаскелік полицейлердің жұмысы қиындыққа толы...

- Ішкі істер органдарында кез-келген салада жұмыс істеу оңай емес. Әр қызметтің өзіндік бір қиындықтары болады. Маған осы учаскелік полицей қызметін атқарған ұнайды. Себебі біздер халыққа жақын боламыз. Адамдардың тыныштығын, қауіпсіздігін, олардың мүддесін қорғаймыз. Сол себепті жұмысымды жақсы көремін.

-Пандемия кезінде карантин шектеуі жұмысыңызға қалай әсер етті? Қызметтеріңіз қиындай түсті ме әлде қылмыс азайды ма?

- Карантин кезінде біздің ойымызша, қоғамдық қылмыс азайды. Бірақ тұрмыстық қылмыстар саны өсті деуге болады. Жанұяда орын алатын жанжал көбейді. Ерлі-зайыптылар арасындағы ұрыс-керіс жиілеп кетті. Жалпы орташа есептегенде, біз күніне кем дегенде 5-6 шақыртуға шығамыз. Жұмысымыз таңғы 8.00-де саптық жиыннан басталып, түнгі 23.00-ге дейін созылады. Осы аралықта түрлі себептермен ондаған шақырту түседі.

-Сіздердің өмірлеріңізге әрдайым қауіп төнетіні жасырын емес. Алайда сіздің есіңізде қалған ерекше жағдай бар ма?

- Аптасына бр рет біз түнгі патрульге түсеміз. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету барысында, қылмыстың алдын алу мақсатында бір шақыру келіп түсті. Құрылысшылар даңғылы бойындағы «Арай» базарына ұрылар түскені туралы хабар келді. Шақыру түскен бетте сол маңайда жүрген барлық патрульдер жұмылдырылды. Полиция қызметкерлері жиналып, «Арай» базарының ғимараты қоршауға алынды. Сол кезде мен өрт сөндірушілерге арналған қосалқы баспалдақпен ғимараттың төбесіне шықтым. Сол уақытта шатырдың үстінде екі адам жасырынып жатқан болатын. Мен олардың жанына жақындағанда, бір қылмыскер маған ұмтыла кетті. Оның бір жақ қолында пышақ, екінші қолында бұрауыш болды. Екінші қылмыскер қаша жөнелді. Ал біреуі маған шабуыл жасады. Мен жекпе-жек тәсілін пайдаланып, қылмысерді қарусыздандырдым да, екіншісін қуа жөнелдім. Сәлден соң оны да ұстадық. Құрықталған ұрылардан 200 мың теңге ақша мен бір қорап алтын тәркіленді. Тергеу барысында аталмыш қылмыскерлердің осы секілді тағы 11 ұрлық жасағаны анықталды.

Пандемия кезінде ереже бұзушылықтар қаншалықт жиі кездесті?

- Біз аптасына бір рет мобильді топпен бірлесіп, қоғамдық орындарды, сауда үйлерін, ойын-сауық мекемелерін аралап отырамыз. Қатаң карантиндік шаралар енгзілген кезде облыстың Бас санитарлық дәрігерінің қаулысында жазылған ереже бұзған алғашқы мекеме ойын клубы болды. Онда шектеулерге қарамастан жасөспрмідер жиналып, компьютерлік ойындар ойнағаны анықталды. Содан соң түнгі клуб пен мейрамханада адамдар жиналғанын анықтадық. Қазіргі таңда ондай ереже бұзу фактілері азайды. Халық өз денсаулығына саналы түрде қарай бастады деуге болады.