Қарағандылық полицейлер балконнан секірмек болған әйелді құтқарды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандылық тәртіп сақшылары өз өзіне қол жұмсамақ болған әйелді өлім аузынан алып қалды. Көпқабатты үйлердің бірінде үшінші қабаттағы пәтердің балконынан секіргелі тұрған әйелді екі полицей құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды қаласы ПБ патрульдік полиция полкінің инспекторлары Камал Давыдов

пен Тоқпанбай Елшат қала орталығында қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша қызметтерін атқарып жүргенде, 23.45 шамасында оларға жедел басқару орталығынан хабарлама келіп түсті. Диспетчер Лобода көшесіндегі үйлердің бірінің үшінші қабатында орналасқан пәтердің балконында тұрған әйел өзін-өзі өлтірмекші болғанын хабарлаған. Бірнеше минуттан кейін полиция қызметкерлері оқиға орнына келіп жеткен.

«Біз оқиға орнына келгенде, әйел балконның жақтауына шығып алғанын көрдік. Ол бір қадам

жасаса, қайғылы оқиға орын алатыны анық еді. Бұл кезде қас қағым сәтте жағдай өзгеше болатыны мәлім. Біз серіктесім екеуіміз кіреберіске жүгіріп кіріп, қажетті пәтерді таптық. Бірақ бізге ешкім есік ашпады. Кідірместен төменге түстік. Екінші қабаттағы пәтерде бізді қарт әйел қарсы алды. Зейнеткерге жағдайды түсіндіріп едік, ол бізді үйіне кіргізді. Балконға жүгіріп, тіреуіштерге жармасып, үшінші қабатқа көтеріліп, әйелді төмен қарай секіре алмайтындай етіп балконға итеріп жібердім. Ол басында қарсылық танытып, соңында айтқанымды тыңдай бастады», - дейді Камал Давыдов.

«Камал өзі жалғыз әйелді балконға қайта кіргізе алмас еді. Ол өзі екі қабаттың арасында әрең

тұрды. Бірақ соған қарамастан әйелді орнында ұстай алды. Мен дереу қайта үшінші қабатқа көтерілдім. Бақытымызға орай, құлыпты бұзып, пәтердің есігін аша алдым. Балконға жүгіріп, Камалға әйелді пәтерге кіргізуге көмектестім», - дейді Тоқпанбай Елшат.

Белгілі болғандай, ол әйел өзінің досымен бас қосып, бір жағдайды тойламақшы болған. Олар

пәтер жалдап, таныстарын шақырған. Мерекелеу кезінде досы оны қызғанып, ұрған. Бұл жайтқа әйел қатты ренжіп, қонақтар ұйықтап қалғанда, өзіне өзі қол жұмсамақшы болған. Бірақ полицейлердің жедел әрекеттерінің арқасында әйел құтқарылды. Оны Қарағанды қаласының ПБ Орталық полиция бөліміне алып келген соң, патрульдер қызметін әрі жалғастырды.