Бұл күні учаскелік инспектор, лейтенант Асыл Жұманов және сержант Сержан Таңатов Сұрыптаудағы көшелерді патрульдеу барысында биік шарбақпен қоршалған жеке үйден қара түтін шығып жатқанын байқаған. Полицейлер көп ойланбастан қоршаудан асып өткен. Үйдің есіктері жабық болған, ал терезелерінде металл қоршаулар орнатылған. Тәртіп сақшылары тордың біреуін жұлып алып, ішке кірген. Көк түтінге оранған бөлмелердің ішінен олар үй иесін, оның әйелі мен анасын ес-түссіз жағдайда тауып алған. Үй тұрғындарын жанып жатқан үйден сыртқа алып шығып, полицейлер өрт сөндіру және жедел жәрдем қызметтерін шақырған. Үй мен оның маңында тұрған көлік толығымен жанып кетті, алайда адамдар тірі қалды.
Бұл оқиға 2017-ші жылдың соңында орын алған, бірақ Қарағанды облысының ІІД басшылығы ол туралы тек алғыс хаттан білген екен. Соңыра анықталғандай, полицейлер өз әрекеттерін батылдық деп есептемей, адамдардың өмірін арашалап қалғанын ешкімге айтпаған.
Қарағанды облысының ІІД баспасөз қызметі хабарлағандай, қазіргі таңда ерекшеленген қызметкерлерді марапаттау туралы бұйрық әзірленіп жатыр.