Табиғаттың тосын мінезінен болған зардапты жою қалай жүргізіліп жатқанын Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Қожықов айтты.
«Нөсер жауынға байланысты бірнеше көшені су басқаны байқалып отыр, бірнеше ағаш құлады, шатырлардың бұзылу жағдайлары бар. Коммуналдық қызметтер мен арнайы техникалар шұғыл режимде жұмыс істеп жатыр. Барлық мәселені бақылауда ұстап отырмын», - деп жазды шаһар басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында.
Айтуынша, бүгін кешке қалада жаңбырдың айлық мөлшері түскен.
«Мұндай көлемді бір мезетте қабылдауға жауын-шашын суы канализациясының шамасы жетпеді. Дәл қазіргі уақытта жағдай тұрақтанды, су кетті. Бірнеше ауланы су басқан жағдайлар бар, қазір суды сору жүргізіліп жатыр.
Электр энергиясымен жамбдықтау жүйесіне де зақым келді. «Қарағанды Жарық» оқиға орнында, салдарын жойып жатыр», - деді қала әкімі.
М.Қожықов сондай-ақ желден шатыры қираған Майқұдықтағы мектеп-интернат ғимаратына қатысты да айтты.
«Көлік жолы тазартылды. Шатырды бөлшектеу жүргізіліп жатыр. Оны қалпына келтіру мүмкіндігіне қатысты ақпаратты таяу уақытта жеке ұсынатын боламыз», - деді ол.