Қарамағындағы қызметшілерінің заңсыз әрекетін жасырмақ болған полиция подполковниктері сотталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарамағындағы қызметшілерінің заңсыз әрекетін жасырмақ болған полиция подполковниктері сотталды. Бұл жайында ҚазАқпарат Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Таратылған ақпаратқа сәйкес, бүгін Қостанай облысының Қарабалық аудандық соты ҚР ҚК 362-бабы 4-бөлігі 3-тармағы және 422-бабы 1-бөлігі бойынша (билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану, жалған айғақтар беруді параға сатып алу) айыпталған Қарабалық аудандық ІІБ басшысының орынбасарлары Амантай Ағайдаров пен Жангелді Әкіновқа қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімін шығарды.

Іс материалдарына сәйкес 2016 жылдың 14 сәуірінде Есенкөл ауылдық округінің Лесное ауылында болған айыпталушылар өз қарамағында жұмыс істейтін тәртіп сақшылары Сәрсенбаев пен Төлегеновтың заңсыз әрекеттерін жасырып, оларды қылмыстық жауапкершіліктен басатпақ болған. Осы мақсатта Ағайдаров пен Әкінов шағымданушы Л.Дорошенкоға және оның анасына 100 000 теңге ұсынып, олардан полиция қызметкерлеріне қатысты айғақтарын өзгертуді сұраған.

Еске салсақ, 2016 жылдың 16 қарашасында Н.Сәрсенбаев пен А.Төлегеновке адамды азаптады  деген айып тағылған еді. Сот үкімімен Сәрсенбаев жалпы тәртіптегі колонияға 3,5 жылға, ал Төлегенов 3 жылға бас бостандықтарынан айыру жазасына тартылған болатын.

Сот үкімімен А.Ағайдаров пен Ж.Әкінов қылмыстық істе айыпты деп танылды. Оларға жалпы тәртіптегі колонияға 3 жыл 9 ай бас бостандықтарынан айыру және өмір бойына құқық қорғау органдары мен мемлекеттік қызметте билік өкілі ретінде жұмыс істеу құқығынан айыру жазасы тағайындалды. Олар полиция подполковнигі арнайы шендерінен айырылып, сот залында тұтқындалды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.