— Тарихты дұрыс тани білу — ең қажетті дағды. Өткенге өкпе арту — болашаққа балта шабумен тең әрекет. Айналасына кінә тағып, үнемі жұбаныш іздеп жүретін адамның да, ұлттың да келешегі бұлыңғыр болады. Мұндай кертартпа әдеттерден аулақ болу керек. Күнделікті өмірде де мұңға батпай, еңсені тік ұстап жүрген жөн. Өскелең ұрпақты жасық, кінәмшіл, уайымшыл мінезден сақтау қажет. Олар ұлтының тарихын мақтан етіп, еліміздің болашағына сеніммен қарауы керек, — деді Президент.
Осы орайда Мемлекет басшысы қазақтың біртуар жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген жақсы сөзі бар екенін еске салды.
— Ұрпақ тәрбиесі — ел болашағының кепілі. Сондықтан біз қазір «Адал Азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын жүзеге асырып жатырмыз. Бұл жұмысқа атүсті қарамай, сапалы атқару керек. Қазақ қилы замандардан қайыспай өткен, өр рухын жықпаған, қайсар, жігерлі ұлт болған. Біз ата дәстүрімізді, асыл дінімізді, ана тілімізді, бірегей болмысымызды сақтай отырып, жаңашылдыққа, жасампаздыққа ұмтылуымыз қажет. Тұтас елімізге көлеңкесін түсіретін жат ағымдарға, қараңғылықтан басқа берері жоқ ескілік ұстанымдарына қатаң тосқауыл қоюымыз керек. Ұлт болып ұйысып, қоғамда жаңа этика қалыптастыруымыз қажет. Бұл аса маңызды істі орындауға сіздер — Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері де елеулі үлес қосасыздар деп сенемін, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, жиын барысында Президент Конституция әр адамның қолында жүретін, жұмыс үстелінде тұратын құжат болуға тиіс екенін айтты.