«3 тамызда түн ауа Қажымұқан көшесіндегі «Көкшетау» мейрамханасында белгісіз адамдар сондағы 32 жастағы клиентті жарақаттағаны туралы хабарлама келіп түсті. Көп өтпей полиция қызметкерлері жанжалға қатысқан адамдардың бәрін ұстады. Істің мән-жайын тергеу барысында мейрамхана карантин тәртібін бұзып, түнгі уақытта жұмыс жүргізгені анықталды. Осылайша мейрамхананы жалдап отырған азамат Бас санитарлық дәрігердің бекіткен ережесін бұзған. Мейрамханада отыз шақты адам демалған», - деп хабарлайды ІІМ-нен.
Сол түні полиция қызметкерлері бұзақылық жасаған 29 және 26 жастағы екі жігітті ұстапты. Қазіргі уақытта оларға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы (бұзақылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Аталмыш мейрамхананы жалға алып отырған азамат карантин режимін бұған дейін де бұзған көрінеді. Бұдан бұрын 9 шілдеде оған 230 АЕК көлесінде айыппұл да салынған. Алайда ол бұл жазадан сабақ алмай, заң тәртібін тағы бұзып отыр.
«Мейрамхананы жалға алып отырған азаматқа (әйел) қатысты ҚР ӘҚБК 425-бабы (Карантин режимін бұзу) бойынша әкімшілік іс қозғалды. Іс-материалдары тауарлар мен қызметтер сапасын бақылау басқармасына жолданған.
Одан бөлек мейрамхананың меймандары тыныштық пен тіркелу ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны хабарланып отыр.