Қарашадан бастап сатылымға шығатын «777» мемнөмірі кем дегенде 400 мың теңге болады - Игорь Лепеха

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда қараша айынан бастап таңдаулы, айрықша нөмірлер сатыла бастайды. Бұл туралы бүгін ОКҚ-де өткен брифингте ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Игорь Лепеха мәлімдеді.

«Бұдан бұрын айтқанымыздай, әкімшілік жауапкершілік саласындағы жол ережесі туралы заң мамыр айында күшіне еніп қойған болатын. Басқа да нақты шаралар қазанның соңына дейін қабылданады. Ал шамамен қарашаның алғашқы күндерінен бастап, аталған нөмірлер сатылымға шығарылады», - деді И.Лепеха.

Ол сондай-ақ мұндай нөмірлердің бағасын да айтты. «Бағаға қатысты екі категория бар. Баға АЕК-ке тікелей байланысты. Егер келесі жылы АЕК өссе, баға да көтеріледі. Бүгінде «100» нөмірі 237 мың теңгеге бағаланып отыр. Ал «777» нөмірі кем дегенде 400 мың теңге болады. Яғни, қазірден бастап ақша жинай берсеңіздер, қарашада осындай қымбат нөмірлерді сатып аласыздар», - деді И. Лепеха.