Мажарстан астанасы Будапеште WKF каратэден өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы тарихи нәтижеге қол жеткізді, деп хабарлайды Kazinform.
Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Мөлдір Жаңбырбай 50 келіге дейінгі салмақта үздік шықты.
Осылайша, тарихи көрсеткіш тіркеліп, Қазақстан қоржынына ересектер арасында WKF каратэден алғашқы алтын медаль түсті.
Сондай-ақ Қайсар Алпысбай (60 кг) күміс, Дидар Әмірәлі қола жүлдеге ие болды.
Қола жүлдеге таласқан Софья Берульцева италиялық Клио Ферракутимен тең тарқасты (4-4).
Қарсылас тек ұпайдың сапасы жағынан басым түсті.
Қазақстан делегациясы жалпы есепте 1 алтын, 1 күміс, 1 қола медальдің арқасында 5-орын алды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық каратэшілер Қайсар Алпысбай мен Мөлдір Жаңбырбайдың әлем чемпионатының финалына шыққанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).