Өңір бір сәтте қарға оранды. Таңертеңнен тоқтаусыз жауған қардың биіктігі Петропавлда кей жерлерде 10-15 см-ге жеткен.
«Қазгидромет» РМК СҚО филиалының мәліметінше, Петропавлда қазіргі уақытта желдің екпіні секундына 22 метр. Ертең де осындай ауа райы сақталмақ.
«Облыстың басым бөлігінде күндіз көктайғақ, бұрқасын болады. 7 қарашада түнде облыстың солтүстігінде қатты қар жауады, басым бөлігінде көктайғақ, бұрқасын. Тәулік бойы екпіні секундына 15-20 метрге, оңтүстігі мен шығысында секундына 30 метрге дейін жететін қатты жел тұрады», — делінген хабарламада.
СҚО төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жол-көлік апаттарының алдын алу үшін Есіл ауданында көлік қозғалысына шектеу қойылды.
Бұған дейін өңірде 5 млрд теңгеге тасқын шайған қорғаныс бөгеттері қалпына келтіріліп жатқанын жазған едік.