Қарин әл-Фараби, Абай және Ясауи мұрасын білім беру жүйесіне енгізу қажеттігін айтты

АСТАНА. KAZINFORM — Вице-премьер Ерлан Қарин әл-Фараби, Абай, Ясауи және басқа да ұлы ойшылдардың мұрасын білім беру жүйесі мен жастар тәрбиесіне кеңінен енгізу қажеттігін айтты.

Видеодан алынған скрин

— Қазақстан — көне мемлекеттер мен алып империялардың мекені ғана емес, бірегей дала өркениетінің де алтын бесігі саналады. Ұлы Далада мемлекеттіліктің терең дәстүрі қалыптасты. Ірі мәдениеттер мен дүниетанымдар түйісті. Ғылым мен өнердің, руханият пен ой-пікірдің өзіндік мектебі пайда болды. Сол зияткерлік әлеуеттің ең жарқын дәлелі — адамзат ойының дамуына өлшеусіз үлес қосқан ұлы тұлғаларымыз екені анық, — деп жазды ол.

Осы орайда әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Ясауи, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп сияқты ғұламаларды ерекше атап өтетінін жеткізді.

— Сондықтан олардың идеялары білім беру мазмұнына, гуманитарлық зерттеулерге, қоғамдық пікірталасқа, жастар тәрбиесіне кеңінен енгізілуі қажет. Бұған Мемлекет басшысының айрықша мән беріп, бүгінгі халықаралық әл-Фараби симпозиумын өткізуге бастамашылық еткені де сондықтан, — деді Вице-премьер.

Еске сала кетейік, Ерлан қарин Алматыдағы Әбу Насыр әл-Фарабидің философиялық және ғылыми мұрасына арналған «Философия. Этика. Болашақ» атты халықаралық симпозиумға қатысқан Вице-президент Ерлан Қарин ауқымды әрі маңызды ғылыми іс-шара екі жылда бір рет тұрақты түрде ұйымдастырылатынын айтқан болатын.