Қару иелері мен күзет қызметі ұйымдарына талаптар күшейтіледі — Мәжіліс

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне күзет қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екінші оқылымда қаралып, қабылданды.

Заң жобасын күзет қызметі саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру тәртібін жетілдіру және қару иелері мен күзет қызметін жүзеге асыратын ұйымдарға қойылатын талаптарды күшейту мақсатында Парламент Мәжілісінің депутаттары әзірледі.

— Құжатта күзет қызметі субъектілерінің құқықтары мен қару айналымы және Мемлекеттік оқ-гильза қоймасын қалыптастыру саласындағы заңнаманың талаптары нақтыланады, сондай-ақ азаматтық және қызметтік ойық ұңғылы атыс қаруын бақылау мақсатында атысты уақтылы жүргізу жөніндегі міндеттеме енгізіледі, — деді Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов.

Сонымен, заң жобасында мынадай негізгі түзетулер енгізу ескерілген:

— қару ұстайтын заңды тұлғалар үшін өз қызметі тоқтатыла тұрған жағдайда, 10 жұмыс күні ішінде қару мен оның патрондарын ішкі істер органдарына сақтауға тапсыру міндетін енгізу;
— күзет қызметі субъектілерінің олар жүзеге асыратын қызмет туралы есептілікті уәкілетті органға ұсыну міндетін заңнамалық деңгейде бекіту. Осы есептілікті ұсыну нысаны мен кезеңділігін уәкілетті орган бекітетін болады;
— жекеше күзет ұйымдары үшін уәкілетті органды өз қызметін тоқтата тұру, тоқтату немесе қайта бастау, сондай-ақ тіркеу орнынан тыс жерде күзет қызметтерін көрсету жағдайларында 5 жұмыс күні ішінде хабардар ету міндетін енгізу;
— жекеше күзет ұйымдарының филиалдары мен өкілдіктерінің басшыларына, күзетші лауазымын атқаратын қатардағы жұмыскерлерге қойылатын міндетті талаптарды енгізу;
— қару иелеріне бақылау атысын жүргізу үшін азаматтық және қызметтік ойық ұңғылы атыс қаруын беру міндетін енгізу;
— Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қаруындағы қару негізінде Мемлекеттік оқ-гильза қоймасын қалыптасуына мемлекеттік бақылау талаптарын нақтылау;
— құқық қорғау органдарының, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдардың, азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін және әскери қызметшілерді тұрғынжаймен қамтамасыз ету және оларға тұрғын үй төлемдерін жүзеге асыру тәртібін жетілдіру;
— «Әскерилендірілген теміржол күзеті» деген ұғымды енгізу. Бұл акциялардың бақылау пакеті ұлттық басқарушы холдингке немесе Ұлттық теміржол компаниясына тиесілі заңды тұлға.

— Әскерилендірілген теміржол күзеті қызметінің негізгі мақсаты — транзиттік теміржол жүк тасымалдарына тартылған терминалдар аумақтарында жүктерді және теміржол көлігі объектілерін үздіксіз күзетуді қамтамасыз ету. Сонымен бірге, заң жобасын сапалы жақсартқан редакциялық сипаттағы және нақтылау сипатындағы басқа да түзетулер бар, — деді депутат.

Ресми мәлімет бойынша, елдегі күзет ұйымдарының қолында 22 мыңнан астам қару бар.