«Қазіргі таңда қару-жарақ дүкендерінің орналасуына және техникалық кешейтілуіне, сондай-ақ қару мен оның патрондарының сақталуына қосымша талаптарды заңнамалық түрде бекіту жұмыстары жүргізілуде»,- делінген ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің мәліметінде.
Ведомствоның хабарлауынша, бүгінде Қазақстан бойынша азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының саудасымен айналысатын 104 мамандандырылған дүкен бар. Ағымдағы жылғы шілде айында аумақтық ішкі істер органдарының қызметкерлері прокуратура органдарымен бірлесіп, қарудың сақталуын қамтамасыз ету тұрғысында азаматтық және қызметтік қару айналымы саласында әрекет ететін субъектілердің, оның ішінде қару-жарақ дүкендерінің қызметін тексеру шарасына қатысты.
Естеріңізге сала кетейік, биыл жазда Ақтөбедегі қанды оқиғадан кейін тұрғындар арасында қару-жарақ мәселесіндегі қауіпсіздік тақырыбы кеңінен талқыланды. Лаңкестер тобы қару сату дүкеніне шабуыл жасап, қаруланып, заңсыз әрекеттерге барды.
Ағымдағы жылғы шілденің аяғында Ақтөбедегі «Пантера» және «Паллада» қару дүкендерінің иелеріне қаруды ұқыпсыз сақтағаны үшін 20 АЕК көлемінде (40 мың теңгеден астам) айыппұл салынды. 5 маусым күнгі терактіде осы қару дүкендері тоналған болатын. Облыстық прокуратураның бірінші басқарма басшысы Маратбек Мырзамұратовтың айтуынша, терактіден соң қаладағы барлық қару дүкендері тексерілген.
«Паллада» қару дүкенінде өрескел құқық бұзушылықтар анықталып, оның иесіне 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды және қару сақтау ережелерін бұзғаны үшін іс қозғалды.
«Пантера» қару дүкенінде де қару сақтау талаптары орындалмаған, оның иесіне де 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды.