Кәсіби құтқарушы болды: Суға батып бара жатқан баланы құтқарған жігіттің оқиғасы
АЛМАТЫ. KAZINFORM — 25 жастағы Әлихан Жақсылықтың өмірі батыл әрекетінен кейін күрт өзгерді. Биыл күзде ол Есентай өзеніне құлап кеткен баланы құтқарып қалды. Осыдан кейін Әлихан Алматы қалалық құтқару қызметіне жұмысқа шақырылды.
Әлихан Жақсылық – салт пен дәстүрді, ізгілік пен адамгершілікті жоғары бағалайтын қарапайым қазақ отбасында дүниеге келген. Әлихан үйдің екінші баласы. Үлкен әпкесі тұрмыста. Ол ата-анасымен және әжесімен тұрады.
— Әжем 68 жаста, ұзақ жыл жол серік болып жұмыс істеген, қазір зейнетте. Әкем де жол серік болды, қазір денсаулығына байланысты зейнетке шықты. Анам дәріханада фармацевт болып жұмыс істейді, ал әпкем фельдшер мамандығын таңдады,— дейді ол.
Әлихан Жақсылық Қызылорда облысының «Болашақ» университетін «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша 2020 жылы бітірген.
Оның өмірін өзгерткен оқиға осы жылдың 27 қазанында болды. Қызылорда қаласынан жалға алатын пәтер іздеп келген Әлихан сағат 14:00 шамасында Есентай өзені Мақатаев көшесінің қиылысындағы жағалауында балалардың көмек сұрап айқайлағанын естіген. Бала Есентай өзенінің каскадында тұрып, суға құлап, оны қатты ағын алып кеткен екен. Қас қағым сәтте өміріне қауіп төнгеніне қарамастан, Ә.Жақсылық дереу темір қоршаудан секіріп, суға батып бара жатқан баланы құтқарып қалды.
— Мен не болғанын судан шыққаннан кейін ғана түсіндім. Мен аяқ киіммен суға секіруге болмайтынын естіген едім, сондықтан мен өзенге жүгіріп бара жатқанда, аяқ киімімді шешіп алдым. Ақша, телефон және құжаттар салынған сөмкені жағаға қойып кетуге уақыт болмады - әр секунд маңызды еді. Бәрі су болды жеке куәлігім ағып кетті. Бір ғажайып болды сөмкемдегі шағын Құран кітапшасы құп-құрғақ шықты, – дейді Әлихан Жақсылық.
Әлихан құтқарған бала, қорқып қашып кетеді. Кейін оның өзенге жақын жерде тұратыны белгілі болды.
Әлиханның жанкешті әркетін жақын маңнан өтіп бара жатқан куәгер видеоға түсіріп алып, әлеуметтік желіде таратып жіберген.
— Екі күннен кейін баланың әкесі маған телефон соғып, алғыс айтып, қаржылай көмек көрсеткісі келетінін жеткізді. Бірақ мен бас тарттым, өйткені мен мұны ақша үшін жасаған жоқпын, — деп бөлісті Әлихан.
Кейін полиция өкілдері хабарласқан. Әлихан оларға болған жағдайды егжей-тегжейлі айтып берді.
Өз кезегінде төтеншеліктер жас құтқарушыға құрмет көрсетті. Төтенше жағдайлар министрінің атынан Алматы қаласы ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев Әлихан Жақсылыққа «Суға батқанды құтқарғаны үшін» медалін салтанатты түрде табыс етті.
Бұл оқиға Әлихан үшін жаңа кезеңнің бастауы болды. Оған әкімдікке қарасты Алматы қалалық құтқару қызметіне (109) жұмысқа орналасу туралы ұсыныс түсті. Әлиханның аталған қызметте жүргеніне бір айға жуықтады. Ол тағылымдамадан өту барысында көптеген шақыртуға шықты. Құтқарушылардың жұмысы әртүрлі міндеттерді қамтиды: пәтерде қамалып қалған адамдарға көмектесуден бастап, тауда адасып кеткендерді іздеуге дейін.
Соңғы шақыртудың бірінде ол төсектен құлап қалған қарт адамға көмектесті.
— Біз терезе арқылы үшінші қабатқа көтеріліп, есікті ашып, жедел жәрдем шақырдық. Күн сайын түрлі жағдай болады. Маған жұмысым, адамдарды құтқару ұнайды, — дейді Әлихан.
Сондай-ақ ол ұжымда әрқашан көмекке, қолдауға дайын мейірімді және жанашыр адамдар жұмыс істейтінін айтты.
Қазір Әлихан Алматыда жалдамалы пәтерде тұрады. Инсульттан кейін аяқ- қолы қозғалмай қалған әкесін емдетіп жатыр.
— Мен ата-анамды Алматыға көшіріп алғым келеді, бірақ олардың Қызылордадан кеткісі жоқ, — дейді жас жігіт.
Әлиханның өмірі оптимизмге толы. Оның армандары мен мақсаттары бар, ол көп саяхаттап, әлемді көргісі келеді.
Ендігі мақсаттарымның бірі – кәсіби құтқарушы болу. Бұл жұмыста үнемі жаңа нәрселерді үйреніп, шеберлігін шыңдайтынын айтады.
Айта кетейік, осыдан жеті жыл бұрын Әлихан Сырдарияда суға батып бара жатқан қызды аман алып қалған.
Жақында «Jibek joly» телеарнасы көрермен көзайымына айналған «Жақсы адамдарым» бағдарламасын қорытындылап, ел ішінде ерлігімен, ерекше қайсарлығымен танылған бүгінгі күннің батырларын марапаттады. Олардың қатарында Әлихан Жақсылықта бар.
Осыған дейін жетім қалған егіз жасөспірімді бауырына басқан алматылық ерлі-зайыпты Бақытжан мен Арзыгүл туралы жазған едік.
Айта кетейік, ерекше акция ұйымдастырған алматылық кәсіпкер Махатдин Хаджиев та 12 желтоқсан күні Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Жақсы адам-2024» арнайы сыйлығымен марапаталды.