Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Конго Президентін қарсы алды

Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM — Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Конго Демократиялық Республикасының Президенті Феликс Чисекедиді қарсы алды. 

Алдымен Қасым-Жомарт Тоқаев пен Феликс Чисекеди бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.

Осыдан кейін мәртебелі мейманның сапарына орай салтанатты рәсімдер залында сап түзеген құрмет қарауылының бастығы Мемлекет басшыларына сәлемдік баянат берді.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Президент оркестрі екі елдің мемлекеттік Әнұранын орындады.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Әнұрандарды тыңдап болғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Конго Демократиялық Республикасының Президенті кілемше бойымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына қарай жүрді.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Оның алдына келгенде мейман тоқтап, басын сәл иіп, өзінің құрметін білдірді. Сонан соң  Конго Демократиялық Республикасының Президенті мен Президент құрметті қарауыл сапының бойымен жүрді. Құрметті қарауыл бастығымен қоштасты.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Қазіргі уақытта жоғары деңгейдегі келіссөздер өтеді. Онда екіжақты ынтымақтастықтың даму перспективалары талқыланады.

Айта кетейік, тамыз айының соңында Мемлекет басшысы Конго Президентінің арнаулы өкілі Патрик Мпойи Луабеяны қабылдаған болатын.