Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президенті жөнінде: өте тегеурінді әрі көреген көшбасшы

Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM – Пәкістанның The News International газетіне сұхбатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президентіне қатысты пікір айтты.

- Президент Трамп – өте тегеурінді әрі көреген көшбасшы. Ол елінің ұлттық мүддесін әрдайым бірінші орынға қояды. Мұны АҚШ экономикасының жоғары көрсеткіштерінен, сондай-ақ қазіргі кезде ел ішінде жүріп жатқан ауқымды реформалардан, әсіресе, әлеуметтік саладағы оң өзгерістерден аңғаруға болады, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда Президент оның ақыл-парасатқа құрылған саясатын және заң үстемдігін орнатуға бағытталған әрекетін қолдайтынын айтты.

- Қазақстанда да осыған ұқсас бағдарды басшылыққа алып, қоғамда «Заң және тәртіп» қағидатын орнықтыруды мақсат етіп қойдық. Сонда ғана еліміз осынау алмағайып заманда іргесі мықты мемлекетке айналады. Менің ойымша, азаматтар заңды және құқық қорғау органдарының талаптарын мүлтіксіз сақтап, оларды құрметтеуге тиіс, - деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістанға мемлекеттік сапармен барды.