— Ең алдымен менің шақыруымды қабыл алып, Қазақстанға ресми сапармен келгеніңіз үшін өзіңізге шынайы алғысымды, ризашылығымды білдіремін. Бұл — Лаос басшылығының елімізге жасаған алғашқы, тұңғыш сапары. Мұны біз маңызды қадам деп қабылдаймыз. Бұл сапардың мән-мағынасы ерекше, айрықша деп айтуға болады. Осы тарихи сапар елдеріміздің ынтымақтастығын нығайтуға тың серпін берері сөзсіз, — деді Президент.
Мемлекет басшысы келесі жылы Қазақстан мен Лаос арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жыл толатынын еске салды.
— Өткен жылдар ішінде елдеріміз арасындағы байланыстар тұрақты әрі достық сипатқа ие болды. Қазақстан Лаосты Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды серіктес ретінде қарастырады. Бізді дәстүрлі достық, өзара құрмет пен түсіністікке негізделген қарым-қатынастар байланыстырады. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Сізді қаңтар айындағы Лаос Халықтық Революциялық партиясының 12-ші съезінің, сондай-ақ ақпан айында болған Парламент сайлауының табысты өтуімен шын жүректен құттықтаймын. Лаос басшылығының жаңа экономикалық тетік саясаты аясында дәйекті әкімшілік және әлеуметтік-экономикалық реформаларды іске асырудағы, нарықтық экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі жетістіктерін жоғары бағалаймыз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік сарайында елімізге ресми сапармен келген Лаос Президентін қарсы алғанын жазған едік.