Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан тағайындалған елші Әлібек Бақаевты қабылдады

АСТАНА. KAZINFORM – Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіндегі жаңадан тағайындалған елшісі Әлібек Бақаевты қабылдады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Фото: Ақорда

Әңгімелесу барысында Президент қазақ-британ көпжоспарлы ынтымақтастығын одан әрі дамытуға қатысты негізгі міндеттерді айқындады.

Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігі арасындағы Стратегиялық серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімді іс жүзінде тиімді жүзеге асыруға, саяси диалогты жандандыруға, сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты кеңейтуге, сондай-ақ энергетика, көлік, инновация және білім салаларындағы бірлескен жобаларды ілгерілетуге күш-жігер жұмылдыруды тапсырды.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 22 шілдеде бірқатар кадрлық өзгерістер туралы жарлыққа қол қойып, бірнеше елдегі елшіні ауыстырды.