Қарғалы ауданы қазір келушілерге арнап Мылқау ауыл да даярлап қойған.
Мұнда келушілер тау-тас пен оның етегіне жиналған суды тамашалап, табиғат аясында тыныға алады. Жергілікті тұрғындар бұрын мұнда көріпкел тұрғанын, ол өзі сөйлемесе де айтпақ ойын бір әйел арқылы жеткізетінін аңыз етіп айтады.
Тағы бір нұсқада ауылдан адамдар көшкенде, тек бақташы Ратай ғана қалған. Ал ол болса мылқау болған. Содан бұл маң Мылқау ауыл атанып кеткен.
Ащылысай ауылдық округіне қарасты Қасқыр сарқырамасы болса, ақтөбеліктер мен көрші ресейліктер жиі тынығатын орынға айналды.
- Қарғалы шағын аудан болғанымен, табиғаты экотуризмге сұранып тұр. Қазіргі кезде «Қарғалының 7 кереметі» деп тізім жасап жатырмыз. Оған Қасқыр сарқырамасы, Мылқау ауылы, еліміздің батысындағы ең үлкен Қарғалы су қоймасы кіреді. Сонымен бірге киелі жерлерді де осы қатарға қосамыз. Қазір негізгі ұсыныстары қаралып, талдау жасалып жатыр, - деді Қарғалы ауданы әкімінің орынбасары Бекзат Бадақов.
Айта кетейік, осыдан екі жыл бұрын аумақ шаруа қожалығына берілді. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында жалпы сомасы 49,4 млн теңгеге инфрақұрылымды дамыту жұмысын жүргізілді. Осы мемлекетік бағдарлама аясында «Байқұла» ШҚ жалпы сомасы 5 миллион теңгеге грант та ұтып алды. Оған киіз үй, 2 глэмпинг, катамаран және қайық сатып алды. Сарқырамаға бақылау көпірі салынды. Мұнда монша да бар.
- Негізі 1-10 мамыр аралығында сарқыраманың қуаты күшті болады. Сол кезде облыстан көп адам келеді. Шамымен тәулігіне 500-1000 адам болады мұнда. Ресейден, еліміздің өзге облысынан да келіп жатыр. Қазіргі кезде де басқа қалалардан адамдар жиі ат басын бұрады. Жұма-жексенбі күндері аралығында бұл орындар бос болмайды. Бір айтарымыз, туристердің мәдениеті түзелсе дейміз. Адамдар әкелген сусындарының құтысын тастап, қоқысты шашып кетеді. Осы аумақта жауапты шаруа қожалығының қызметкерлері болса күн сайын жинап, тазалық сақтап отыр, - деді Бекзат Бадақов.
Қасқыр сарқырамасы Ақтөбе қаласынан 120 шақырым қашықтықта орналасқан. Мұнда адамдарды туроператорлар әкеледі, көбі өз көлігімен қатынайды. Егер турмаршрут әзірленсе, келушілердің бағытты таңдап, қызмет түрін іріктеуіне мүмкіндігі болады.
Статистикаға сүйенсек, былтыр Ақтөбе облысына 185 мыңнан астам адам келді. Оның 23 мыңнан астамы шетелдік. Ал биыл үш айда 5 мың шетелдік туристің келгені тіркелді.