«Қасқырды байлап қойған»: Абай облысында желіде тараған видеоға қатысты полиция тексеру жүргізді
СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысында қасқырды байлап қойғандардың видеосына байланысты полиция тексеру жүргізді.
Әлеуметтік желіде тараған видеода Үржар ауданы Таскескен ауылында арқанмен ағашқа байланған түз тағысына қатыгездік жасалғаны айтылған.
Ақпаратты тексеру үшін полиция қызметкерлері сол жерге барды. Белгілі болғандай, бұл видео Қаракөл ауылындағы «Бірінші ферма» қыстағында түсірілген.
- Тексеру барысында видеодағы жануар Боря есімді қасқыр мен хаски аралас тұқымдасы екені анықталды. Жануар мамыр айында бір жасқа толады. Оның иесі бар және ол мал бағуға көмектеседі. Осылайша, жануарға қатыгездік таныту белгілері анықталған жоқ. Итті ұстау жағдайы белгіленген талаптарға сәйкес келеді, - деп хабарлады облыстық Полиция департаментінен.
Еске салсақ, осыған дейін Қызылордада биологиялық тепе-теңдікті сақтау үшін қасқыр ауланып жатыр.