Kaspi банк қызметкері шабуыл оқиғасын бастан-аяқ айтып берді

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астана қаласының қылмыстық істер бойынша ауданаралық соты Kaspi Bank ғимаратына жасалған шабуыл ісін қарауды жалғастырып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жұмыс күні еді, бірақ клиенттер болған жоқ. Әріптесіммен жұмыс туралы сөйлесіп отырдық. Бір кезде Ә. Мурадов келді. Мен оны клиент деп ойлап, амандастым. Ол бірден әріптесімді ұстап, мойнына тапанша тәрізді қаруды тақады. Бірақ ол рас тапанша ма, білмедім. Содан кейін ол дөрекілік танытып, барлық есікті жауып тастады және бізді өлтіретінін айтты, яғни маған барлық есікті кілтпен жабуымды бұйырды. Мен не істерімді білмей, бір орында тұрып қалдым. Сосын мен күзетшіге қарай жүгірдім, көмек сұрап, белгісіз біреудің келгенін айттым. Кейін күзетші сыртқа шығып, қайта кірмеді. Сосын мен киім ілетін жердің кілтін табуға тырыстым, бірақ таба алмадым. Одан соң менеджер әріптесім екеуміз тыныш отырдық», - деді сот барысында банк қызметкері әрі зардап шегуші.

Оның айтуынша, осы арада олар полицияға хабарласып үлгерген.

«Бір кезде шабуылдаушы бізге айқайлай бастады, не істеп жатқанымызды сұрады. Содан соң ол маған делдал болатынымды айтып, қағазға бүкіл талаптарын жазуды сұрады. Атап айтқанда, күзетшінің қайтып оралуын және банктің ақшасын аударуды талап етті. Оның талаптарын қағазға жазып, шыға беріс есіктің жанына қалдырдым. Одан әрі полиция қызметкерлері алып кетті. Сосын әріптесім екеуміз кассаның артында 2-3 сағат тығылып отырдық. Біраздан соң ол бәрін жарып жіберетінін айтып айқайлады және ғимаратқа ешкімнің кірмеуін талап етті. «Мен қызметкерлерді аяймын, ешкімге зиян тигізгім келмейді, бірақ солай болуы керек» деді», - деп толықтырды зардап шегуші.

Сондай-ақ, оқиға куәгері бір сағаттан кейін күдіктінің келіссөздер бөлмесіне кіргенін айтты.

«Сол сәтте мен ата-анама хабарлама жібере бастадым. Касса жабық болды, мен ештеңе естімедім. 3 сағат келіссөзден кейін арнайы күштер мен полицейлер кетіп қалды. Содан соң бір нәрсе жарылды, арнайы күш мамандары тез кетуімізді сұрады. Осылайша бізді сыртқа алып шықты, еденде қан іздері болды», - дейді банк қызметкері.

Айта кетейік, сот отырысы алдында судья куәгерлер мен зардап шеккендерге қатысты жеке мәліметтерді (аты-жөні, қызметі, т.б.) жариялауға тыйым салды. Сот отырысы бүгін сағат 15:00-де жалғасады.

Бұған дейін куәгер банк ғимаратына шабуылдаушы азаматтың әпкесінің еміне ақы талап еткені туралы мәлім еткен еді.

Еске сала кетсек, биыл 18 маусымда қаруланған ер адам елордадағы Kaspi банк ғимаратында бірнеше кісіні тұтқында ұстап отырды.

Араға уақыт салып аталған банктің баспасөз қызметі ғимаратта клиенттердің жоқтығын және полиция қызметкерлерінің күдіктімен келіссөз жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

Оқиға орнына Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов барды.

Полиция қызметкерлері кепілдегі азаматтарды босатып алды.

23 тамызда Kaspi Bank ғимаратына жасалған шабуыл бойынша қылмыстық іс сотқа жеткенін хабарлаған едік.

Айта кетейік, 29 тамызда өткен алғашқы сот отырысында Kaspi Bank ғимаратын басып алған жігіт оның алдында өзін өлтіру үшін дәрі ішкені белгілі болды.