Каспий теңізіне батып кете жаздаған 11 жасар бала құтқарылды

АҚТАУ. 12 маусым. ҚазАқпарат - Бұл туралы МО Апаттық медицина орталығы филиалының шұғыл әрекет бөлімінің дәрігері Ж Құдайбергенова мәлімдеді.

11 жасар Нұрбек Шарипов қаланың 1-шағын ауданына жақын су жағалауында  ата-анасының қарауынсыз достарымен  теңізге шомылуға барған.  Сол уақыттасудан құтқарушы бекетінің қызметкері Еркін Айдарбеков  сол маңда барлау жүргізіп жүрген. Ол балалардың көмекке шақырған жан даусын естіп, дәл уақытында оқиға орнына жетіп барады.

Еркін баланы судан алып шығып, теңіз жағасында дәрігерге дейінгі алғашқы көмекті жасап, бірлестірілген диспетчерлік бөлімнің нұсқауы мен жәрдемге асыққан  «Апат медицина» шұғыл әрекет қызметкерлері келгенше көмек беріп үлгереді.

Шұғыл әрекет қызметкерлері дәрігерлік көмек көрсетіп, құтқарылған бала есін жиғасын облыстық балалар ауруханасына жеткізеді. Қазір  Нұрбек аман-есен отбасына оралды. 

Судан құтқарушы-сүңгуір Еркін Айдарбеков 1987 жылы Ақтау қаласында дүниеге келген. Мектеп бітірген соң,  «Болашақ» колледжінде заңгер мамандығы бойынша білім алып,  2005-2007 жыл аралығында әскери қызметін өтеп келді. Шымкент қаласында барлау ротасында өзін көрсете білген Еркін, қазіргі таңда Ақтау қаласы судан сақтау бекетінде 2011 жылдан бастап құтқарушы болып еңбек етуде.