Каспий теңізінде тағы да жер сілкінісі тіркелді

АСТАНА. KAZINFORM — Каспий теңізінде жер сілкінісі болды. Мамандардың мәліметінше, жер асты дүмпулерінің ошағы 27 шақырым тереңдікте орналасқан.

Фото: Pexels

Operativmm басылымының хабарлауынша, бұл туралы 2026 жылғы 2 мамырда Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясы жанындағы Республикалық сейсмологиялық қызметтің Жер сілкіністерін зерттеу бюросы хабарлаған.

Мамандардың дерегіне сәйкес, жер сілкінісі жергілікті уақыт бойынша сағат 09:50-де тіркелген. Оның магнитудасы 3,0 болған, ал ошағы 27 шақырым тереңдікте орналасқан.

Айта кетейік, Каспий өңірі сейсмикалық белсенді аймақ болып саналады және мұнда жер қыртысының әртүрлі деңгейдегі дүмпулері жиі тіркеліп тұрады.

Соңғы рет қазақстандық сейсмологтар Каспий теңізіндегі жер сілкінісін 15 сәуірде тіркеген болатын.

Ал Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясы жанындағы Республикалық сейсмологиялық қызмет орталығы 26 сәуір күні Каспий теңізінде магнитудасы 4,2 болатын жер сілкінісі тіркеді.