Аталған оқиға туралы Маңғыстау облыстық Экология департаменті хабарлады. Қырылған итбалықтардың өлексесі 24 мамыр күні 1Б шағынауданы маңындағы «Шағала» демалыс аймағы аумағындағы жағалау сызығынан табылған.
Өлекселердің нақты саны әзірге жария етілмеді.
Айта кетейік, бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті 19 мамырда Каспий теңізінің жағалауынан табылған өлі итбалықтар туралы ақпаратқа түсінік берген болатын.
Сол жолы Түпқараған ауданындағы Каспий теңізі жағалауында мониторинг жүргізу барысында жағалауда қатты ыдыраған (2-4 кезең) 35 итбалықтың өлексесін анықталған еді.
Экологтар сол жолы итбалықтардың жағаға шығарылуы батыстан соққан күшті дауылдың салдарынан болып тұратынын, дегенмен, барлық итбалықтардың өлімі бір уақытта болуы мүмкін екенін түсіндірген. Каспий итбалығын зерттеуді жүзеге асыратын ғылыми ұйым (Гидробиология және экология институты) сынамаларды (тіс, жүн және тырнақ) алғаны хабарланды.