2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы Жалпыұлттық аза тұту күні

Каспийде екі әскери қызметшіні іздеу операциясына жүздеген адам жұмылдырылды

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты құрылған Үкіметтік комиссияның тапсырмасына сай, оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде суға кеткен екі әскери қызметшіні іздестіру-құтқару операциясы әлі жалғасып жатыр. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі мәлім етті.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Іздестіру-құтқару жұмыстарына оқиға орнында тікелей басшылықты Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов жүзеге асыруда. Құрылған жедел штабтың құрамына Қорғаныс министрлігінің, ҰҚК Шекара қызметінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің, Ішкі істер министрлігінің, сондай-ақ Маңғыстау облысының жергілікті атқарушы органдарының өкілдері кірді. 

Фото: Қорғаныс министрлігі

Ведомствоның мәліметінше, ауқымды іздестіру-құтқару операциясына 252 әскери қызметші мен қызметкер, 34 бірлік арнайы жерүсті техникасы, 37 әскери сүңгуір, 14 кеме мен катер, сондай-ақ 4 тікұшақты қоса алғанда, 20-дан астам әуе кемесі жұмылдырылды. Ведомстволардың күштері мен құралдарымен су айдыны, жағалау аймағы және оған іргелес аумақтар әуеден үздіксіз бақыланып, тексеріліп жатыр.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Оқиға фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Арнайы комиссия оқиғаның барлық себептері мен мән-жайларын анықтау мақсатында тергеу іс-шараларын жүргізуде. Қаза болғандардың отбасыларына және зардап шеккен әскери қызметшілерге қажетті материалдық және психологиялық көмек көрсетіледі.

Фото: Қорғаныс министрлігі
Фото: Қорғаныс министрлігі
Фото: Қорғаныс министрлігі

Еске салайық, 2026 жылғы 24 қыркүйекте Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші қаза тапқанын хабарлағанбыз. Үш әскери қызметші құтқарылды. Олардың біреуі ауруханаға жатқызылды.

Кейіннен Каспийде қаза болған әскери қызметшілердің саны 12-ге жетіп, екеуі іздестіріліп жатқаны хабарланды.

Қорғаныс министрлігі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің тізімін жариялады.

Әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеліп жатқанын жаздық.

Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезіндегі қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты.

Әскерилердің қазасынан кейін Ақтауда үш күнге жоспарланған мерекелік шаралар өтпейтіні айтылды.

Халық Кеңесі мүшелері қаза тапқан әскерилердің отбасыларына 815 млн теңге бөлетіні хабарланды.