Ведомство мәлім еткендей, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған Үкіметтік комиссия Маңғыстау облысындағы төтенше жағдай болған жерде жұмысын жалғастырып жатыр. Оқиға орнында жұмылдырылған мемлекеттік органдардың іс-қимылы және іздестіру-құтқару жұмыстары үйлестірілуде. Қазіргі таңда негізгі міндет — орналасқан жері анықталмаған екі әскери қызметшіні іздестіру.
— Нақтыланған мәліметке сәйкес, оқу-жаттығу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюіне байланысты 17 адам суға кеткен. Оның 12-сі қаза тауып, үш әскери қызметші құтқарылды. Қалған екі әскери қызметшіні іздестіру жұмыстары жалғасуда, — делінген хабарламада.
Қанат Бозымбаев әлі табылмаған әскери қызметшілерді қажетті барлық күштер мен құралдарды тарта отырып, тәулік бойы үздіксіз іздестіруді қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қажетті материалдық және өзге де көмек көрсету тапсырылды.
Уәкілетті органдар оқиғаның барлық мән-жайын анықтау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Комиссияның жұмысы мен оқиға орнындағы іздестіру-құтқару іс-шаралары жалғасуда.
Еске салайық, 2026 жылғы 24 қыркүйекте Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші қаза тапқанын хабарлағанбыз. Үш әскери қызметші құтқарылды. Олардың біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалғандарын іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Кейінірек әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеліп жатқанын жаздық.
Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеру жөніндегі үкіметтік комиссия құрылды.
Комиссия құрамына қорғаныс министрі, Маңғыстау облысының әкімі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау, Көлік министрліктерінің басшылығы, Бас әскери прокурор, сондай-ақ шекара қызметінің өкілдері кірді.
Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезіндегі қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты.
Әскерилердің қазасынан кейін Ақтауда үш күнге жоспарланған мерекелік шаралар өтпейтін болды.
25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болатыны белгілі болды.