ТЖМ баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен түнде Түпқараған ауданындағы Каспий теңізінің жағалауында қатты желдің салдарынан үш адам отырған үрлемелі қайық ашық теңізге ағып кеткен. Оларды іздеуге ТЖМ күштері дереу шықты.
— Құтқарушылар жоғалған адамдарды тауып, жағалауға жеткізді. Медициналық көмек қажет болған жоқ, — делінген хабарламада.
ТЖМ қазақстандықтарға ескерту жасап, жел күшейген кезде суға шықпауды және қауіпсіздік ережелерін сақтауды сұрады.
Еске салайық, 2026 жылғы 24 қыркүйекте Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші қаза тапқанын хабарлағанбыз. Үш әскери қызметші құтқарылды. Олардың біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалғандарын іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Кейінірек әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеліп жатқанын жаздық.
Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеру жөніндегі үкіметтік комиссия құрылды.
Комиссия құрамына қорғаныс министрі, Маңғыстау облысының әкімі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау, Көлік министрліктерінің басшылығы, Бас әскери прокурор, сондай-ақ шекара қызметінің өкілдері кірді.
Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезіндегі қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты.
Әскерилердің қазасынан кейін Ақтауда үш күнге жоспарланған мерекелік шаралар өтпейтін болды.
25 қыркүйекте Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.