Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиғадан кейін ауруханаға жатқызылған әскери қызметшінің жағдайы тұрақты. Бұл туралы Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бекболат Ізбасаров мәлімдеді.
— 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында болған қайғылы оқиғаға байланысты әскери қызметшілердің бірі облыстық ауруханаға жеткізілді. Ауруханаға түскен кезде оған барлық қажетті тексерулер жүргізілді. Қазіргі уақытта оның жағдайы тұрақты. Әскери қызметші терапия бөлімінде ем алып жатыр және медицина қызметкерлерінің тұрақты бақылауында, — деді Бекболат Ізбасаров.
Бұған дейін 24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде төтенше жағдай болғаны хабарланған еді.
Ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюіне байланысты әскери қызметшілерді теңізге алып кеткен. Нақтыланған мәлімет бойынша, 12 адам қаза тапқан, үшеуі құтқарылған, тағы екі әскери қызметшіні іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Маңғыстау облысындағы төтенше жағдайдан қаза тапқан әскери қызметшілер саны 12 адамға жетті.
Қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін Қазақстанның Бас прокуратурасы қылмыстық іс қозғады. Оқиға орнында Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі және прокуратура қызметкерлерінің қатысуымен жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр, қажетті сот сараптамалары тағайындалды. Бас прокуратура Ақтау қаласында әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты тергеуді бақылауға алды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау және қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсету үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.
Қайғылы оқиғадан кейін Премьер-министрдің өкімімен әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеу жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды. Оның құрамына Қорғаныс министрлігінің, Маңғыстау облысы әкімдігінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің, Денсаулық сақтау министрлігінің, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, Көлік министрлігінің, Бас әскери прокуратураның және Шекара қызметінің өкілдері кірді.
25 қыркүйек Қазақстанда Маңғыстау облысында қызметтік міндеттерін атқару кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.