Спикердің сөзінше, Үкімет Қазақстандағы шағын және орта бизнесті, оның ішінде әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға ерекше көңіл бөледі.
Бизнестегі арулар бизнес-идеяларын жүзеге асыру, компаниясын дамыту мен жаңа жұмыс орындарын ашу үшін берілген мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланып жатыр.
Одан бөлек ЕҚДБ мен Қазақстан Үкіметінің «Микробизнестегі әйелдер» жобасы кәсіпкер әйелдерге бизнесті басқару және нарықтағы табысты бәсекеге жету үшін кәсіби машықтануға мүмкіндік береді.
«Шағын және орта бизнеспен айналысатын қазақстандық әйелдердің білімін жетілдірі үшін Үкіметтен 2015-2025 жылға 16,9 млн доллар бөлінді. Бұл жұмыс істеп тұрған кіші бизнестегі қыз- келіншектерге арналған оқу бағдарламасы. Өйткені, кейбір кәсіпкер әйелдер белгілі бір ресурстардың шектелуіне байланысты, проблемаларға тап болып жатады», — деді Махаббат Кабираева.
Сонымен қатар, ол кәсіпкерлікке жаңадан келген қыз-келіншектер қандай проблемаға жиі ұшырайтынын айтты.
«Бизнес саласына жаңадан аяқ басқан әйелдер көбіне қаржы басқару, маман таңдау және қол астындағы қызметкерлермен тіл табысу бойынша қиындықтарға тап болады. Міне, „Микробизнестегі әйелдер“ жобасы осындай түйіткіл дүниенің шешімін тауып береді», — дейді ол.
Бұған дейін оқыту қазақ және орыс тілдерінде онлайн-форматта 5 ай бойы өтетінін жазған едік.
Қатысушылар оқуды кез келген уақытта бағдарлама аясында бастай алады.
Курс бизнестің негізгі аспектілерін қамтитын 6 модульден тұрады: маркетинг, сату, қаржы, жеке басқару, операциялық басқару, стратегия, автоматтандыру және жасанды интеллект.