Кәсіпкер оффтейк келісімшарттарға сенбейді — Шарлапаев себебін атады

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекеттік инвестиция есебінен салынатын нысандардың жобалау-сметалық құжаттамасын сараптағанда оң қорытынды жергілікті қамту үлесі кемінде 60%-ға жеткенде ғана берілуі қажет. Бұл туралы Құрылтайда өткен Үкімет сағатында Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы Қанат Шарлапаев айтты.

Фото: Үкімет

Отандық өндірушілерді негізсіз шеттеткендерге жауапкершілік бекіту қажет

— Жолдауда құрылыс материалдарын өз елімізде шығару міндеті қойылды. Бұл міндет «Халықтық құрылыс» бағдарламасымен де тікелей байланысты. Осы орайда құрылыста қазақстандық өнімге қойылатын талаптарды жобаны іске асырудың әр кезеңінде бекітуді ұсынамыз. Атап айтқанда, мемлекеттік инвестиция есебінен салынатын нысандардың жобалау-сметалық құжаттамасын сараптағанда оң қорытынды жергілікті қамту үлесі кемінде 60%-ға жеткенде ғана берілуі қажет деп санаймыз. Бизнес өкілдерін ынталандыру үшін мемлекеттік сатып алуда елішілік құндылық кемінде 60% болғанда, оның әрбір 10%-ына 0,25% шартты жеңілдік енгізу керек, — деді ол.

Оның атап өтуінше, Үкіметтің ұлттық режимнен алып тастау жөніндегі шаралары өңдеу өнеркәсібіне айтарлықтай серпін беріп отыр.

— Бұл тәсілді жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің құрамына кіретін тауарларға да қолдануды ұсынамыз. Ол үшін құрылыс материалдары мен жабдықты электрондық сауда алаңдары арқылы сатып алуды қарастыруды сұраймыз. Бұл шаралар қағаз жүзінде қалып қоймауы үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте құрылысқа қатысатын тараптардың тікелей жауаптылығын көздеу қажет. Сонымен қатар өндірушіге өнімін кім, қашан және қанша көлемде сатып алатынын алдын ала білу маңызды. Сондықтан ірі тапсырыс берушілермен бірлесіп отандық кәсіпорындар талапқа сай сапа мен көлемде шығара алатын өнімге бес жылдық сұраныс болжамын жасауды ұсынамыз, — деді палата басшысы.

Қанат Шарлапаевтың айтуынша, осы болжамды нақты сатып алуға айналдыратын құрал — ұзақ мерзімді шарттар мен оффтейк келісімшарттар. Олар қол қойылған күннен бастап жұмыс істеуі үшін әр келісімшартқа бес жылға арналған тұрақты сатып алу көлемін, жеткізу мерзімін және сапа талаптарын бекіту керек. Сонда кәсіпорын тапсырысты қажеттілік туындағанда ғана емес, белгіленген кесте бойынша жүйелі түрде алып отырады.

— Оффтейк келісімшарттағы баға бүкіл мерзімге теңгемен белгіленеді. Бірақ оны инфляцияға қарай түзету тетігі заңда да, үлгілік талаптарда да жоқ. Сондықтан бірнеше жылда баға құнсызданып, кәсіпкер де, банк те мұндай келісімшартқа сенбейді. Сол себепті оффтейк келісімшарттардың үлгілік талаптарына бағаны инфляцияға және шикізат құнына қарай жыл сайын индекстеу формуласын міндетті түрде енгізуді ұсынамыз. Әр ірі тапсырыс беруші келісімшарттарды тек өз қажеттілігіне қарай жасайды. Сондықтан келісімшарттардың көлемі шағын. Оларға сүйеніп ірі инвестиция, мысалы, зауыт салу қиын, — деді ол.

Оның айтуынша, болжам да, оффтейк келісімшарт та тапсырыс беруші өз міндетін орындағанда ғана жұмыс істейді.

— Ірі тапсырыс берушілердің елішілік құндылық жөніндегі міндеттемелері 2025 жылы заңнамаға енгізілді. Бірақ оларды орындамағаны үшін жауапкершілігі әлі жоқ. Сондықтан жер қойнауын пайдалану, табиғи монополиялар және квазимемлекеттік сектордағы сатып алу туралы заңдарда олардың елішілік құндылық көрсеткіштерін, шарт міндеттемелерін орындамағаны және отандық өндірушілерді негізсіз шеттеткені үшін жауапкершілігін бекітуді ұсынамыз, — деді Қанат Шарлапаев.

Отандық өндірісті дамытуға не кедергі: Депутат төрт мәселені атады

Депутат Алмат Әбдікешовтың айтуынша, өңірлердегі жұмыс пен заңнаманы қолдану тәжірибесі өңдеу өнеркәсібінің тұрақты өсуіне кедергі келтіретін мәселелерді көрсетіп отыр. Мемлекеттік қолдау, инфрақұрылымды дайындау және ірі тапсырыс берушілердің шарттық міндеттемелерін орындауы өзара жеткілікті үйлестірілмеген. Осыған байланысты ол Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру үшін төрт жүйелі шараны енгізуді ұсынды.

— Біріншіден, Президенттің арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамытудың жаңа моделін енгізу жөніндегі тапсырмасын орындауда ең алдымен инженерлік инфрақұрылым тапшылығын жою қажет. Бірқатар өндірістік жобаның іске қосылуы газ, электр және су желілерінің, кірме жолдардың уақтылы салынбауынан кешігіп жатыр. Басым қызмет түрлерінің тізбесін келісу рәсімдерінің ұзақтығы да кәсіпорындардың жұмысын тежейді. Осыған байланысты мынадай тапсырмалар беруді ұсынамыз: Үкімет Өнеркәсіп және құрылыс, Ұлттық экономика, Қаржы министрліктерімен, өңір әкімдіктерінің қатысуымен арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда жоспарланған инфрақұрылым нысандарының құрылысын уақтылы аяқтап, пайдалануға беруге қажетті шараларды қабылдасын. Аймақтар қызметінің нәтижелілігіне тұрақты мониторинг жүргізіп, бюджеттен жұмсалған әр теңгенің қайтарымы бағалансын, — деді депутат.

Оның айтуынша, екіншіден, ірі тапсырыс берушілер мен отандық өндірушілер арасындағы қатынастарда екі тараптың құқықтары мен жауапкершілігі теңгерімді болуы шарт. Осыған орай ол «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралый кодекске және сатып алу қағидаларына мынадай өзгерістер енгізуді ұсынды:

— елішілік құндылықты дамыту бағдарламасын бекітпегені немесе оны қабылдау мерзімін бұзғаны үшін сатып алу көлеміне байланысты айыппұлдар белгілеу қажет, бұзушылық қайталанған жағдайда жауапкершілік күшейтілуі тиіс;
— келісілген жергіліктілендіру көрсеткіштеріне қол жеткізбегені үшін бұзушылықтың сипаты мен көлеміне сай материалдық жауапкершілік пен өсімпұл айыбын қарастыру қажет;
— тізілімде біліктілік талаптарына сай отандық өндіруші болған жағдайда оффтейк келісімшарт жасасудан негізсіз бас тартқан немесе жалтарған тапсырыс берушіге тікелей қаржылық жауапкершілік белгілеу керек, бұл талаптар елішілік құндылықты арттыру жөніндегі міндеттемелердің нақты орындалуын қамтамасыз етуі тиіс.

— Үшіншіден, ірі инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларда импортқа қойылған шектеулерді айналып өту тәжірибесі сақталып отыр. Тауарды тікелей сатып алуға шектеу қойылғанымен, сол импорттық өнім құрылыс-монтаж жұмыстарының кешенді шарттары аясында кедергісіз жеткізіледі. Отандық материалдарды АГСК-3 сметалық-нормативтік базасына енгізу рәсімдерінің ұзақтығы да қосымша тосқауыл болып отыр. Осыған байланысты Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне отандық құрылыс материалдарын, конструкциялар мен жабдықтарды қолдану жөніндегі міндетті талаптарды үш кезеңде белгілеуді ұсынамыз. Бұл талаптар жобалау және жобалау-сметалық құжаттаманың мемлекеттік сараптамасы кезінде, сатып алу рәсімдерінде, сондай-ақ техникалық қадағалау мен нысанды пайдалануға қабылдау барысында ескерілуі тиіс. Құрылыс-монтаж жұмыстарының шарттарында келісілген отандық өнімді импорттық баламамен алмастыруға жол бермеу қажет, — деді ол.

Депутат төртіншіден, терең өңдеумен айналысатын отандық кәсіпорындардың тұрақты жұмысы шикізаттың қолжетімділігіне тікелей байланысты екеніне тоқталды.

— Бастапқы шикізаттың елеулі көлемі экспортқа шығарылып жатқанда, агроөнеркәсіп кешеніндегі май өндіретін зауыттар мен ұн тарту кәсіпорындары, кабель өнеркәсібі және шағын тоннажды мұнай-химия өндірістері шикізат тапшылығын сезінуде немесе оны сыртқы нарық бағаларымен, тәуелді шарттармен сатып алуға мәжбүр. „Өнеркәсіптік саясат туралы“ Заңның 60-бабында үшжақты келісімдер арқылы өңдеуші кәсіпорындарды әділ бағамен шикізатпен қамтамасыз ету тетігі тікелей көзделген. Сондықтан Ауыл шаруашылығы және Энергетика министрліктеріне осы тетікті іс жүзінде қолданылуын қамтамасыз етуді ұсынамыз. Сондай-ақ қосылған құны жоғары өнім шығаратын отандық өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен басым тәртіппен әрі кепілді түрде қамтамасыз етуді көздейтін шикізат теңгерімдерін қалыптастыру қажет, — деді Алмат Әбдікешов.