Министрліктің мәліметінше, кастет суық қаруға жатады және ел аумағында оның айналымына тыйым салынған. Тіпті, ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабымен қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Демек, кастет ұстағандар «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бабы бойынша жауапқа тартылады.
– Жыл басынан бері кастетті пайдаланып соққы жасауға байланысты құқық бұзушылықтар тіркелген жоқ, – деп хабарлады ІІМ.
Ал бұрышты баллон (көзге тітіркендіргіш газ шашатын баллон) – суық қару емес, өзін-өзі қорғау құралы. Бірақ оны заңсыз қолданғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 485-бабы («Қаруды құқыққа сыйымсыз қолдану») бойынша әкімшілік жаза қарастырылған. ІІМ мәлімдеуінше, биыл мұндай фактілер тіркелген жоқ.
– Бұдан бөлек, «электрошокерлер» өзін-өзі қорғау құралына жатады, оларды заңсыз қолданғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 485-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделген. Биыл электрошокерді қолдануға байланысты 1 факт тіркелді, – делінген ресми жауапта.
Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында 3,5 мыңға жуық пышақ пен кастет тәркіленгенін жазғанбыз.