«Кездесу жақсы өтті. Әрине, таңертеңнен қобалжыдым. Жалпы бәрі ойдағыдай өтті. Президентпен өз жоспарларыммен бөлісіп, алдағы матчтар туралы сөйлестім. Мемлекет басшысы мені теннистегі нәтижелеріммен құттықтады. Президенттен сыйлық алдым, сағат және орамал», - деді Елена Рыбакина елордада теннистен «Билли Джин Кинг» кубогіне орай өткен баспасөз мәслихатында.
Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Елена Рыбакинаны қабылдады. Кездесу барысында теннисші Президентке Wimbledon-2022 кітабын сыйға тартқанын жазған едік.
Рыбакина қазақстандық жанкүйерлерді Билли Джин Кинг кубогының іріктеу матчын тамашалауға шақырды.
Еске салсақ, елордада 14-15 сәуір күндері теннистен Билли Джин Кинг кубогінің (командалық әлем чемпионаты) іріктеу кезеңінің аясында Польшамен матч өтеді.