Елена Рыбакина жанкүйерлерін Билли Джин Кинг кубогының іріктеу матчына шақырды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Теннисші Елена Рыбакина жанкүйерлерін Билли Джин Кинг кубогының іріктеу матчына шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін Мемлекет басшысымен кездесуде болдым. Әрине, таңертең өте қобалжулы едім. Дегенмен, жалпы бәрі де жақсы өтті. Өзімнің алдағы жоспарларыммен, турнирлер туралы ақпаратпен бөлістім. Ертең Қазақстанда, осы астанада өнер көрсетеміз. Баршаңызды көргеніме қуанышты боламын. Әрине, жақсы өнер көрсетіп, жеңіске жетемін деп үміттенемін. Мұнан кейін де бүкіл командамызбен бірге жарқын жеңістерімізбен қуанта береміз», - деді Елена Рыбакина Ақордада Президенттің қабылдауынан кейінгі брифингіде.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Australian Open, Индиан-Уэллс және Майами турнирлерінде керемет өнер көрсеткен Елена Рыбакинаны құттықтап, шеберлігі мен жеңіске деген ерік-жігері үшін ризашылығын білдіргенін хабарлаған едік.

Айта кетейік, 14-15 сәуір күндері Астанада алғаш рет Билли Джин Кинг кубогының іріктеу матчы өтеді. Теннистен Қазақстанның әйелдер құрамасы Польша командасына қарсы ойнайды. Бұл кездесудің жеңімпазы әлем чемпионатына жолдама алады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан әйелдер құрамасы елордадағы Beeline Arena Ұлттық теннис орталығында аталған матчқа дайындықты бастады.

Қазақстанның бірінші, әлемнің жетінші ракеткасы Елена Рыбакина осы матчқа қатысу үшін Астанаға ұшып келді.


Соңғы жаңалықтар