АСТАНА. ҚазАқпарат – Қатарда футболдан өтіп жатқан әлем чемпионатында G тобында Сербия мен Швейцария жолдаманы сарапқа салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл топта Бразилияда 6, Швейцарияда 3, Камерун мен Сербияда 1 ұпай бар еді. Сондықтан қос командаға, әсіресе, Сербияға жеңіс керек еді.
Бірінші таймда швейцариялық Джердан Шакири 20-минутта есеп ашса, алты минуттан кейін сербиялық Александар Митрович таразы басын теңестірді. 35-минутта Душан Влахович Сербияны алға шығарды. 44-минутта швейцариялық Брель Эмболо жауап гол салды.
Екінші кезеңде швейцариялық Ремо Фройлер 48-минутта жеңіс голын соқты.
Осылайша, 3:2 есебімен қарсыласын ұтқан Швейцария өз тобында доп айырмасы бойынша Бразилияны алға жіберіп, 1/8 финалға жолдама алды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Бельгиямен тең түскен Хорватияның жарысты жалғастыратынын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Германия құрамасы плей-офф кезеңіне шыға алмай қалды.
Португалия мен Оңтүстік Корея плей-офф кезеңіне жолдама алды.
Камеруннан жеңілген Бразилия өз тобында бірінші орынға ие болды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).